Димаш Құдайберген «Leading 2020 Sina Entertainment festival» рейтингінде үздік шетел артисі деп танылды.
7 және 28 маусым аралығында Қытайдың танымал Sina платформасында «Leading 2020 Sina Entertainment festival» жобасының қатысушыларына дауыс беру рәсімі өтті. Ұйымдастырушылар — Sina News және Sina Entertainment. 21 күнге созылған дауыс беру қорытындысы бойынша Димаш 1 млн 404 мың 488 дауыс жинап, «Ең үздік танымал шетел артисі» номинациясын жеңіп алды. Sina (қытай тілінде: 新浪; pinyin: Xīn Làng) – қытайлық интернет-компания. Ол дүниежүзіне қолжетімді хабар алмасу платформасын ұсынып отыр. Компанияның 4 негізгі қызмет бағыты бар: олар Sina Weibo, Sina Mobile, Sina Online және Sinanet. Sina-ның әлем бойынша 100 миллионнан астам тіркелген қолданушысы бар. «Бүгінде Sina компаниясы және оның платформалары Қытайдың медиакеңістігі мен көңіл көтеру саласына үлкен ықпалын тигізіп отыр. Sina Weibo – Twitter-ге ұқсас, Қытайдағы микроблогинг нарығының 56,5% қамтып отырған әлеуметтік микроблог-желі. Сонымен қатар, өздерінің сүйікті айдолдарына қолдау білдіру үшін жиналатын фанаттардың ең ірі әрі маңызды платформасы. Сонымен бірге, танымал адамдар Weibo желісінде жеке аккаунттар тіркеп, шығармашылығымен бөлісіп, фанаттарымен байланыс орнатады», — делінген ақпаратта.
Мәлім етілгендей, «Leading 2020 Sina Entertainment festival» шарасының басты мақсаты – 2020 жылдың бірінші жартысында үздік деп танылған фильмдер, телебағдарламалар, музыкалық шығармалар және варьетемен көпшілікпен бөлісу. Осылайша, артистермен және олардың жұмыстарымен неғұрлым көп адам танысып, ойын-сауық индустриясының дамуына оң әсерін тигізеді.