Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге жеделхат жолдады. Онда ел Президенті Ресей басшысын және ондағы барша тұрғындарды ұлттық мерекелері – Ресей күнімен құттықтады.
⠀
«Ресей Федерациясы өзінің жаңа тарихында осы атаулы күнді халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, жаңа сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы іс-қимылдарға, әлемдік қауымдастық мүшелері арасындағы өзара тиімді және әділ ынтымақтастықты дамытуға үлкен үлес қосып отырған қуатты әрі беделді держава ретінде атап өтеді», – деп жазылған жеделхатта.
⠀
Сондай-ақ, хабарлама арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев көрші ел Президентіне екі мемлекет арасындағы достық байланысты және одақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған жемісті еңбегі үшін ризашылығын білдірді.
⠀
Оған қоса, Мемлекет басшысы ресейліктердің патриотизм мен бірлікке бейілдігі, Отандарына деген мақтаныш сезімі мен жарқын болашаққа деген нық сенімі Ресейдің тұрақты дамуына және әл-ауқатының артуына кепіл болатынын атап өтті.